Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Мажарстан Премьер-Министрін қарсы алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанды қарсы алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Адлет Беремкулов/Kazinform

Қарсы алу рәсімі салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауылының сап түзеуінен басталды. Қарауыл бастығы Мемлекет басшысы мен мәртебелі мейманға баянат берді.

Осыдан кейін Президент оркестрі екі елдің әнұранын орындады.

Фото: Адлет Беремкулов/Kazinform

Одан әрі Виктор Орбан мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүрді.

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, ілтипат білдірді.

Фото: Адлет Беремкулов/Kazinform

Бұдан кейін екі ел басшылары Құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді.

Мажарстан Премьер-Министрі Құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қ.Тоқаевпен кездесуге өтті.

Еске салсақ, кеше кешке Виктор Орбанды Астана әуежайында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин күтіп алған болатын. 

Қазақстан басшылығымен келіссөз барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтеді.

Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.