— Сөз соңында мына мәселеге тоқталғым келеді. Қаланы көркейту жұмысы кешенді түрде жүргізілуге тиіс. Бұл — Қазақстанның барлық қалаларына қатысты міндет.
Арнайы басқару режимін енгізу, инвестицияны қорғау және қажетті инфрақұрылымды дамыту ісін бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Бұл бағыттардың бәрі өте маңызды.
Мысалы, бастапқы инфрақұрылым болмаса, инвестиция қорғалмаса, халықаралық инвесторлар мұнда келмейді. Бұл айқын нәрсе. Арнаулы құқықтық режим болмаса, инновациялық тәсілдерді енгізе алмаймыз.
Шын мәнінде, Алатау city жобасын жүзеге асыру — тұрмыс сапасы және іскерлік ортасы ең жоғары әлемдік талаптарға сай келетін озық қала салу деген сөз, — деді Президент.
Оның айтуынша, бұл — мемлекеттік маңызы зор міндет, еліміз үшін стратегиялық мәні бар жұмыс.
— Сондықтан біз тыңғылықты, тиянақты, сапалы жұмыс істеуіміз керек. Құр қағаз жүзіндегі есептің еш қажеті жоқ.
Бәрімізге керегі — бір-ақ нәрсе: бұл — нақты нәтиже. Қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Тиісті құқықтық негіз бар, ресурс та жеткілікті. Енді барлығы алдағы міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына тікелей байланысты болады. Әрбір бағыт бойынша жеке жауапкершілік жүктеледі.
Осы ауқымды жобаны бірлесіп, табысты жүзеге асырамыз деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, ️Мемлекет басшысы бас құжатымыз ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс екенін мәлімдеді.