— Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз. Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет. Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Астанада да жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізетінін атап өтті.
— Алдымда тұрған мақсат — айқын: бұл — Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ. Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, кеше Халық Кеңесінің ұйымдастырушылық отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасы қызметіне Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.