– Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық одақ мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастыққа ашық. Менің ойымша, жаңа технологияларды, ең алдымен жасанды интеллектіні сауда мен логистика саласына енгізуді жандандыру аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету үшін ұлттық цифрлық жүйелердің өзара ықпалдастығын күшейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл барлық құжаттарды нақты уақыт режимінде жедел өңдеуге, әлсіз тұстарды анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді.
Ал цифрлық қолтаңбаларды өзара тану бизнес шығындарын едәуір азайтып, Еуразиялық одақ кеңістігіндегі сауда көлемін арттыруға ықпал етеді. Жасанды интеллектінің талдамалық әлеуетін пайдалану өндірістік кооперацияны кеңейту үшін де үлкен практикалық маңызға ие.
– Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту үшін агроөнеркәсіптік кешенге интеллектуалды жүйелерді енгізуге де басымдық беру қажет. Меніңше, жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қарқынды экономикалық өсімін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналады. Сонымен бірге жаңа технологиялар ЕАЭО мүшелері арасындағы цифрлық алшақтықтың себебі не көзіне айналмауы керек. Керісінше, олар елдеріміздің экономикалық өзара байланысын күшейтетін және ынтымақтастықтың қуатты синергиясын қалыптастыратын құрал болуы қажет, – деді Қазақстан президенті.
Бүгін Қ. Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда көтерген бастамасы негізінде Жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы бірлескен мәлімдемені қабылдады. Құжаттың басты мақсаты – одаққа қатысушы елдердің экономиканың негізгі салаларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымдарын бекіту, өзара мүдделерді ескере отырып, ЖИ технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету.
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына осы маңызды құжатты әзірлеу мен қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Жаңа технологиялық және экономикалық құрылым негізінде әлемдік тәртіптің қайта қалыптасуы кезеңі біздің елдерімізге бірегей мүмкіндіктер терезесін ашып отыр. Бұл мүмкіндіктерді болашақ жаңа әлемдегі ұстанымымызды нығайту үшін тиімді пайдалану қажет. Біз осы тарихи мүмкіндікті бірлесіп әрі толық көлемде пайдалануға міндеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы өтіп жатыр. Форум тақырыбы «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» деп аталады.
Бұл жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар келді.