- Реформаларымыздың ең басты бөлігі — бұл Конституцияның қабылдануы. Азаматтарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Конституцияда еліміздің мақсат-мұраты мен болашақтағы бейнесі айқын көрініс тапты. Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қастерлі құндылығы деп танылды, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру бұлжымас қағидат ретінде бекітілді. Адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық міндет деп белгіленді.
- Конституция ауқымды өзгерістердің жаңа шешуші кезеңіне жол ашты. Елімізде мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңғырды. Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келіп, қазіргі таңда заң жобаларымен айналысуда. Жаңа мекеме — Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты құрылды. Ең жоғары консультативтік орган — Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады, - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, түбегейлі өзгерістер қоғамның барлық саласында жүргізілетін болды.
- Азаматтарымыз қазірдің өзінде реформалардың оң ықпалына, игілігіне көз жеткізді. Қазақстан реформаларының ерекшелігі — бұл алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ішкі темірдей логиканың болуы, яғни нақты тәртіп пен сабақтастықтың сақталуы. Себебі ауқымды өзгерістер мен үстірт көзқарас ешқашан бірге жүрмейді, бір-біріне кедергі болады. Бұл — заңды нәрсе. Осылайша, түбегейлі реформалар жүргізу арқылы Қазақстан жаңа тарихи өсу, өрлеу дәуіріне қадам басты, - деді Президент.