Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының айтуынша, меймандардың форумға қатысуы елдер арасындағы мәдени-рухани байланыстарды нығайтуға әзір екенін көрсетеді.
Президент еліміздің халқы әлемнің негізгі діндерін ұстанатынын айтты. Олардың арасында иудаизмнің орны ерекше. Ал еврей ұйымдары қоғамның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашкеназ және сефард раввинаттарының көшбасшылары адамзатқа ортақ құндылықтарды ілгерілету жолындағы дінаралық диалогқа белсенді атсалыса беретініне сенім білдірді.
Осыған дейін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды, Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Съездің құрмет медалін, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстағаны туралы жаздық.