Қасым-Жомарт Тоқаев Қазанға барды

Фото: Фото: Ақорда

ҚАЗАН. KAZINFORM - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ақорда.

Сапар аясында Қазақстан Президенті екіжақты кездесулер өткізіп, БРИКС-тің «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырысында сөз сөйлейді.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Еске салсақ, 22-24 қазан күндері Татарстан астанасында БРИКС саммиті өтеді. Шараға қатысу үшін қалаға әлемдік және өңірлік державалардың бірқатар басшысы келді. БРИКС саммитіне қатысу үшін Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Татарстанға келді. Бұдан бөлек Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса, Эфиопия премьер Аби Ахмед, Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейра бастаған делегация және Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси де ат басын Қазанға бұрған.

РФ Президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Қазандағы БРИКС саммитінің негізгі тақырыптары – көпжақтылықты нығайту, бірлестіктің жаңа мүшелерінің интеграциясы, жаһандық күн тәртібі, сондай-ақ аймақтық қақтығысты реттеу. Алдын ала мәлімет бойынша, шараға 59 мемлекеттен 20 мыңға жуық делегат, сондай-ақ екі мыңға жуық тілші қатыспақ.

Бұған дейін Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва 22-24 қазан күндері Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне денсаулық жағдайына байланысты қатыспайтыны туралы жазған болатынбыз.