Заң сапасы, уәдені орындау, ел дамуы: Тоқаев Құрылтай депутаттарына үш талап қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Құрылтай депутаттары ең алдымен заңдардың сапасына, халыққа берген уәделері мен әзірленген бағдарламалардың орындалуына жауапты болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өткен брифингте мәлім етті.

Фото: Акорда

– Құрылтай іске кіріскеннен кейінгі өзгерістерге тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай?, – деп сұрақ қойды журналист.

Президент алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор екенін атап өтті.

– Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін, – деп жауап берді Мемлекет басшысы.

Екіншіден, олар (Құрылтай депутаттары – ред.) берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс.

– Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Бұған дейін Президент «Вице-президент кім болады?» деген сұраққа жауап берген еді.