Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтандығының Әл Саид орденімен марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM – Оман Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

Фото: видеодан алынғын скрин

Жоғары мемлекеттік награданы табыстау рәсімі Тәуелсіздік сарайында екі ел Мемлекет басшыларының келіссөздерінен кейін өтті.

Бұған дейін Оман Сұлтаны Қазақстанға алғашқы сапарында «Алтын Қыран» орденімен марапатталғанын жазған едік. 

Салтанатты іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оманның аймақтағы тұрақтылықты нығайту, дінаралық диалогты өрбіту және гуманитарлық бастамаларды іске асыру ісіндегі рөліне тоқталды.

— Түрлі тараптар арасына дәнекер болып, өзара түсінісуіне талай мәрте ықпал еттіңіз. Осы алғырлығыңыз Оманды өңірлік және халықаралық қатынастарда салмағы бар елге айналдырды. Біз бұл ұстанымды жоғары бағалаймыз. Еліңіз шын мәнінде әділ әрі ешкімге бұра тартпайтын бейтарап мәмілегер саналады. Сіздің тарихи сапарыңыз Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастар жылнамасында маңызды кезең ретінде жазылады. Аса мәртебелі Сұлтан, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіңізді ескеріп, Сізге «Алтын Қыран» орденін табыстау — мен үшін зор мәртебе, — деді Мемлекет басшысы.