Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов өнеркәсіп көрмесін аралады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы SPK Turkistan индустриалды паркіне барды.
Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерінің, ауыл шаруашылығы тракторлары, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және өндірістік тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған.
Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.
Экспозицияға отандық кәсіпорындар шығаратын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, текстиль, киім және тағы да басқа тауар түрлері қойылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов отандық кәсіпорындардың өкілдерімен бірге суретке түсті.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізді.