Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Физули қаласындағы аурухана құрылысының жоспарымен танысты

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Физули қаласындағы орталық аурухана құрылысының жоспарымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  

Келешекте бой көтеретін медициналық мекеме 180 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады.

Фото: Ақорда

Ауруханада стационарлық қызмет көрсететін кардиология, неврология, гинекология, анестезиология-реанимация, гемодиализ, терапия, хирургия, травматология-ортопедия, босану және жұқпалы аурулар бөлімдерін, сондай-ақ офтальмология, педиатрия және ЛОР кафедраларын ашу жоспарланып отыр.

Фото: Ақорда

Ал амбулаториялық режимде науқастарға кеңес беретін емхана бөлімі, балалар емханасы, рентген диагностикасы, функционалдық диагностика, физиотерапия және медициналық оңалту бөлімдері қызмет көрсетпек. Сонымен қатар клиникалық-диагностикалық зертхана, жедел жәрдем станциясы, гигиена және эпидемиология орталығы жұмыс істейді.

Нысанды қазақстандық құрылыс компаниялары коммерциялық негізде салады деп жоспарланып отыр.