Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың перспективті бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Айта кетелік Пәкістанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өткен еді.