Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді
БІШКЕК. KAZINFORM — Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент, ең алдымен, Бішкекке ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бауырлас қырғыз жеріне қадам басқан сайын айыр қалпақты ағайынның ыстық ықыласын сезінетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.
– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар бар.
– Біз бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталады. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.