– Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Осындай мызғымас тұғыры бар қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып жатыр. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономика саласындағы байланыс жылдан жылға күшейіп келеді. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық нығая түсті. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
– Бейтарап саясат жүргізу Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік қағидаттарына бейіл екенін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түрікменстан қандай келісімдер жасағанын мынау сілтеме арқылы біле аласыз.