Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне Балқашта АЭС салуда батыл қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Балқашта АЭС салу шешімінде батыл қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Фото: Kazinform

Қазақстан Президентінің айтуынша, энергетика саласын ынтымақтастықтағы аса табысты бағыттардың бірі ретінде атап өтуге толық негіз бар.

– Менің ойымша, бүгін қол қойылған Балқашта атом электр станциясын салу жөніндегі келісімнің маңызы айрықша зор. Осы ауқымды жобаны іске қосуға жеке батыл қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясының Президентіне алғысымды білдіремін. Бұл жоба ғылым, білім беру және технологиялық ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналады. Сондай-ақ энергетика мен жалпы индустриядағы жаңа қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әрине, бұл ең алдымен Қазақстанға қатысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында РФ президентімен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Айта кетейік, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.

Бұған дейін Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов Қазақстанға тарту етілген Амур жолбарыстарын жерсіндіру жөнінде пікір берген еді.