Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерін таныстырды.

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, Шетелдік инвесторлар кеңесі отыз жылға жуық уақыт бойы Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

— Кеңес мүшелерінің белсенді қатысуының арқасында біз инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және Қазақстанда бизнес жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформаларды жалғастыра бермекпіз. Бұл — ешбір жағдайда өзгермейтін негізгі ұстанымымыз, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Тәуелсіздік сарайында.

Соынмен бірге, Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелеріне сәттілік тіледі. Атап айтқанда, Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия бойынша Мартан Вожур өкілдік ететін Alstom компаниясы үш жыл бақылаушы мәртебесінде болғаннан кейін кеңестің толыққанды мүшесі атанды. 

Сондай-ақ Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Әл-Жассер кеңес жұмысына бақылаушы мәртебесінде қосылды. Мемлекет басшысының айтуынша, банк Қазақстанмен исламдық қаржыландыруды дамыту, кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторын өркендету бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Оған қоса, Presight AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам кеңеске бақылаушы ретінде қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны Қазақстанның «досы әрі сенімді серіктесі» деп атады. Бұған дейін Presight AI компаниясы Қазақстанның Көлік министрлігімен «ақылды» автомобиль жолдары технологияларын дамыту жөніндегі келісімге қол қойған еді.

Отырыс аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен екіжақты кездесу өткізді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына жаңа экономикалық модельге көшу міндетін қойды. Биыл елімізде 200-ден астам жаңа өндіріс орындары ашылмақ. Бұл ұлттық экономиканың одан әрі дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға елеулі серпін береді.

ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін.