Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстан Таиландты Азиядағы басты серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Президент екі елдің экономикалық ықпалдастығының келешегін жоғары бағалады. Биыл төрт айда тауар айналымы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 76 пайызға ұлғайып, 110 миллион доллардан асқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевтің пікірінше, аталған көрсеткішті әлі де арттыра түсуге болады. Әсіресе, сауда-саттық көлемін аграрлық өнімдерді жеткізу есебінен ұлғайтуға мол мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында екі ел үкіметтері арасындағы байланысты жандандыруды ұсынды. Ынтымақтастықты жандандыратын саланың бірі — туризм.
Таиланд Қазақстан азаматтары үшін ең танымал бағыттардың қатарына кіреді. Былтырдың өзінде бұл елге 150 мыңнан аса отандасымыз барған.
Қазақстан да Таиланд азаматтарына демалыстың бірегей мүмкіндіктерін, соның ішінде қысқы туризм қызметін ұсына алады.
Ал Анутин Чарнвиракул елінің өзара мүддеге сай көптеген мәселе бойынша ықпалдастықты арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Бангкок экономика, сауда, цифрландыру және туризм салаларындағы әріптестікке тың серпін беру қажет деп санайды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Анутин Чарнвиракулды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйлегенін хабарлағанбыз.