Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Кения Президентін қарсы алды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Фото: Ақорда

Тәуелсіздік сарайына келген мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Фото: Ақорда

Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.

Фото: Ақорда

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.

Фото: Ақорда

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланады. Сонымен қатар бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, кеше елімізге мемлекеттік сапармен келген Уильям Самоэй Рутоны Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Астана әуежайында қарсы алды.