Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның І Волонтерлер форумына қатысушыларға құттықтау жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының І Волонтерлер форумы басталды. Форум жұмысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатыр.

Фото: Ақорда

Жиынның салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді.

— Бұл маңызды іс-шара Қазақстан ұсынысымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында өтуінің символдық мәні зор. Бұл волонтерлердің көптеген әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселені шешудегі орасан зор рөлінің мойындалуын білдіреді, — делінген Президент сөзінде.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сонымен қатар, оның мәлімдеуінше, осы форумды өткізу туралы бастама көтере отырып, Қазақстан ТМД аясында тәжірибе алмасуға және халықаралық аренадағы волонтерлік бастамаларды біріктіруге арналған тұрақты алаң құруды мақсат етті. Қазақстан үшін достық көпірлерін қалыптастыру, ынтымақтастық, мейірімділік және жанашырлық сияқты құндылықтарды орнықтыру аса маңызды.

Одан бөлек, Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық идеяларды ілгерілетуге және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға қызмет етеді.

— 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Ол еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметке мемлекеттік қолдауды ең жоғары құқықтық деңгейде бекітті. Еріктілердің ізгі ниеті — сарқылмас шабыт көзі әрі қоғамды өзгертудің қуатты күші. Бұған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы жарқын мысал бола алады. Бұл игі бастама қысқа мерзім ішінде көптеген азаматты, әсіресе белсенді жастарды біріктірді. Жалпы, Волонтерлер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. Қазір еліміздегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады. Бұл форум мемлекеттеріміз арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып, халықтар арасындағы байланыстарды, өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Басты мақсат — ТМД аумағын жасампаздық пен прогресс, бірлік пен өзара түсіністік кеңістігіне айналдыру. Барлық волонтерге әлемді жақсы жаққа өзгертуге деген ұмтылыстары үшін шынайы алғысымды білдіремін. Форум қатысушыларына жемісті жұмыс және үлкен ортақ жетістіктер тілеймін! — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен еріктілерді қоса алғанда, шамамен 300 делегат қатысып жатыр.

Форум аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және волонтерлік қызметтің табысты тәжірибелерінің таныстырылымы өтеді. Экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, сондай-ақ жастар волонтерлігін дамыту салаларындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен бастамаларды қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар, енді іс-шара ұйым елдері арасындағы волонтерлік бастамаларды біріктіруге және тәжірибе алмасуға арналған алаң ретінде жыл сайын ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұған дейін елде волонтерлік қозғалысты 2030 жылға дейін дамыту жоспары қаралғанын жазғанбыз.