Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иорданияның ең жоғары мемлекеттік наградасы берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы — al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.

Фото: Ақорда

— Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу — зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Аl-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания Королі I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі — Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853–1931 жж) құрметіне тағайындаған. Ол Хашимиттер әулетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі болған.

Орденді табыстау Иордания Королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің белгісі әрі жоғары деңгейдегі саяси сенімнің айғағы саналады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Al-Farabi орденімен марапаттаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақаба процесін жоғары бағалайтынын және алдағы сессияның жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналатынын да хабарлады.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Астана әуежайында Иордания Королін Мемлекет басшысының өзі күтіп алды.

Сондай-ақ Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн келіссөз жүргізді.