Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі мол – Солтүстік Македония Президенті

АСТАНА.  KAZINFORM – Қазіргі әлемдегі күрделі мәселелерді шешу үшін дипломатияның рөлін күшейтіп, білікті мамандардың пікіріне құлақ түру қажет. Бұл туралы Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновская-Давкова Қазақстан Президенті және Түркия Премьер-министрімен өткен кездесуден кейін мәлімдеді.

Фото: видеодан алынған скрин

Солтүстік Македония Президентінің айтуынша, болашақ өздігінен келмейді, оған қазірден бастап дайындалу керек. Ол бұл ретте дипломатияның тек ғылым емес, өмір сүру салты екенін атап өтті.

Сонымен қатар Силяновская-Давкова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренадағы, әсіресе БҰҰ аясындағы еңбегіне жоғары баға берді.

– Мен Президент Тоқаевтың дипломатия саласындағы тәжірибесі өте бай екенін білемін. Ол өмірінің көп бөлігін БҰҰ-да бейбітшілік орнату жолындағы күреске арнады. Бізде білікті дипломаттар көп, бірақ қазір олардың пікірін ешкім сұрамайды. Сондықтан біз дипломатияның күшін қайта жаңғыртып, болашақты құру үшін мамандардың көмегіне жүгінуіміз керек, – деді Гордана Силяновская-Давкова.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысу үшін NEST конгресс орталығына барғанын жазған едік.