«Қасыңдағы адам»: елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы науқан басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін БҰҰ агенттіктері мен серіктестері «Қасыңдағы адам» жалпыұлттық науқанын бастады. Ол жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқаны аясында ұйымдастырылып отыр.

Фото: Kazinform

Бастама аясында Алматы әуежайы мен еліміздің теміржол вокзалдарында QR-коды бар қызғылт сары қаптамалар орналастырылып, жолаушыларға ақпараттық парақшалар таратылды. QR-код арқылы зорлық-зомбылықтың түрлері, оның белгілерін анықтау, көмекке жүгіну және қолдау қызметтеріне қол жеткізу жолдары туралы білуге болады. Ақпараттық науқан университет кампустарында да жалғасады.

БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының Қазақстандағы өкілі, Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директоры Чинве Огбоннаның айтуынша, зорлық-зомбылықтың барлық түрін дер кезінде танып, оған тиісті шара қолдану маңызды. Қазақстанда соңғы жылдары осы бағытта заңнамалық өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, 2024 жылы Салтанат заңы қабылданып, сталкинг, харассмент және некеге мәжбүрлеуге қатысты құқықтық нормалар жетілдірілді.

Фото: kyrgyzstan.unfpa.org

– Зорлық-зомбылықтың барлық түрін өз атымен атап, оған ұшыраған адамдарға сену және оны жоюға бағытталған күш-жігерді арттыру қажет, – деді Чинве Огбонна.

БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға көмек көрсету жүйесін нығайтуға да атсалысып келеді. Осы жұмыс аясында ұйым еліміздегі Отбасын қолдау орталығының мамандарын оқытуға көмектескен.

Ал БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа зорлық-зомбылықтың алдын алуда әлеуметтік қолдаудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, әлеуметтік қызметтерге, жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне және қажетті көмекке қолжетімділік әйелдердің экономикалық тәуелділігін азайтып, қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

– Еуропалық Одақ пен БҰҰ-ның «CHANGE» бірлескен бағдарламасының негізгі идеясы қарапайым. Зорлық-зомбылықтың алдын алу қасымыздағы адамнан басталады. Қоғамның бейжай қалмауы, тиісті мекемелердің уақытылы әрекеті маңызды, – деді Катаржина Вавьерниа.

Еске салайық, бұған дейін WTA әйел теннисшілер үшін міндетті гендерлік тест енгізді.