Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі 15 жанды жұмыспен қамтып отыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық тігінші мүмкіндігі шектеулі 15 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Бұған дейін үй ішінде азын-аулақ тапсырыс алып келген Орынкүл Оразбаева енді тігін көлемін едәуір ұлғайтты.

«Даму» қоры арқылы төмен пайызды несие алған ісмер әйел толыққанды жабдықталған цех ашты. Өзі ізденіп жүріп саңыраулар қоғамынан қолынан іс келетін қыз-келіншектерді іріктеп алған. Қазір ұжым балабақшаларға төсек жабдықтарын әзірлеп жатыр. Жақын күндері арнайы киімдер мен мектеп формаларын тігуге кіріседі. Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін кеңейткен кәсіпкер алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

«Тігуді жақсы меңгерген, жұмысқа өте ынталы, бәрі қуанышты. Отбасылары бар, 4-5 балалары бар бәрінің, балаларына киім, тамақ керек. Қатардан қалмай, өмір сүруі тиіс. Мен мүгедекпін деп отыруға болмайды. Жұмыс істеу керек. Осыларға жұмыс тауып беруге мен де атсалысып отырамын. Жұмыс іздеймін жан-жақтан, тапсырыстар қабылдаймын», - дейді цех меңгерушісі Орынкүл Оразбаева.