Кәсіпкерді бопсалаған жалған салық қызметкері сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жалған салық қызметкері сотталды. Ол құзырлы мекеменің атын жамылып, жеке кәсіпкерді бопсалаған.

Бұл туралы облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Нұрболат Дүйсенбаев бүгін баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Жергілікті тұрғын белгісіз біреудің «салық органынанмын» деп, заңсыз тексергенін айтып, сенім телефонына хабарласқан. Ол қандай да бір ілік тауып, аяғынан шалғысы кеп, тағы 30 мың теңге ақша талап еткен.

«А.Өмірбекұлы есімді кінәлі азамат ұсталды. Сот қылмыстық кодекстің 177-бабының 1-бөлігімен, яғни алаяқтық жасағаны үшін оның бас бостандығын бір жылға шектеді», - деді Нұрболат Дүйсенбаев.