Кәсіпкердің жұмыс жүргізуіне кедергі келтірген әкімдік жауапкершілікке тартылды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кәсіпкердің жұмыс жүргізуіне кедерге келтірген әкімдік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Кәсіпкердің жұмысын жүргізуге мемлекеттік орган кедергі жасаған. Осы жылдың маусым айында «Азрет-жол құрылыс» ЖШС-і Жаңақорған кентінің орталығында екі көшені орташа жөндеуден өткізуге тапсырыс алады.

Тапсырыс берушілер келісімшартқа сәйкес жұмысты 1 айдың ішінде бітіруді талап етеді. Талап кәсіпкер тарапынан толық орындалып, мерзімінде біткеніне, техникалық қадағалаушылардың жасалған жұмысқа оң баға бергеніне қарамастан, тапсырыс беруші Жаңақорған кенті әкімдігі қабылдау актісіне қол қоюға асықпайды.

Негізі мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтарға сәйкес, жұмыс толық біткеннен кейін тапсырыс беруші 3 жұмыс  күнінен кешіктірмей актілеп, қабылдап алуы тиіс. Ал бұл жұмыстарды Жаңақорған кенті әкімдігі бір көшеге қатысты тапсырысының актісіне 14 тамызда, екінші көше бойынша 6 қыркүйекте қол қойған.

Мұнымен қоса, кәсіпкердің өзін жұмысты мерзімінде бітірмеді деген желеумен 1 млн 353 мың 520 теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп, жосықсыз ретінде тану үшін сотқа береді.

  «Азрет-жол құрылыс» ЖШС-нің құқығын қорғау туралы Кәсіпкерлер палатасына түскен өтініштен кейін заңгерлер мәселені жан-жақты қарастырды. Себебі, егер сотта кәсіпкер жосықсыз ретінде танылатын болса 2 жыл көлемінде жұмыс жасай алмайды. Бұл дегеніңіз бизнестің жабылуына да алып келуі мүмкін.

Мәселені зерделеу барысында заңгерлер тапсырыс берушінің қойып отырған талаптарының негізсіз екендігін анықтай алды. Яғни мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамалық актілерге сәйкес жұмысты орындау мерзімі келісімшарттың қазынашылық органдарында тіркелген уақытынан бастап есептелуі қажет, ал Жаңақорған кенті әкімдігі бұл жайтты ескермей, келісімшартқа қол қойған күннен бастап есептеген.

Сонымен қатар, Заң бойынша тапсырыс беруші келісімшартты тиісті орындамағаны белгілі болған сәттен бастап 30 күн ішінде  сотқа әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюға міндетті. Осы мерзімдер тыйым салынатын мерзімдер болып табылады, бұл мерзімдердің өтуі әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Алайда, Жаңақорған кенті әкімдігі Заңда көрсетілген мерзімдерді де өткізіп алған.

Аталмыш мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасының заңгері Аида Қаюпова: «Біз сотта осы дәлелдемелерді алға тартып, Жаңақорған кенті әкімдігі талабының негізсіздігін дәлелдей алдық. Нәтижесінде тапсырыс берушінің жосықсыз деп тану туралы талабы қанағаттандырылмады. Кәсіпкер бизнесімен қатар 1 млн теңгесін сақтап қала алды. Мұнан өзге, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты заң талаптарын тиісінше орындамағаны үшін Жаңақорған кенті әкімдігін жауапкершілікке тарту жөнінде жеке  ұйғарым шығарды», - дейді.

Айта кету керек, 2017 жылы кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 200-ден аса өтініш түсті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 350-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалып, 370 млн теңге  қаржысын сақтап қала алды.