«Кәсіпкерге қысым жасаған шенеуніктер жұртқа жария етіледі» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары нәтижелі аяқталды. Елбасының шет елдегі сапарын егжей-тегжейлі баяндап жүрген «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы сапарының кешегі, сейсенбідегі бағдарламасы Вьетнам ұлттық университетінде студенттермен, оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуден басталды. «Жастарға Қазақстанның халықаралық практика мен нормаларға сәйкес мемлекеттік шекарасын толықтай рәсімдегені туралы әңгіме де оң әсер етті. Сонымен қатар, қарулы күштеріміз бен құқық қорғау органдарымызды қоса алғанда, мемлекет қауіпсіздігінің инфрақұрылымдарын іс жүзінде жаңадан құрғанымыз хақында келтірілген мәліметтер де үлкен қызығушылық туғызғаны айқын аңғарылды», - деп жазады басылым. Мақала «Ең қасиетті қазына - елдің азат рухы» деген тақырыппен берілген.

Ұлтын ұлықтап, жұртын тура жолға салып, ата-баба рухына адалдық танытсақ деген Алаш арыстарының жөні бөлек. Олар алға қойған мақсат-міндеттер ұшан-теңіз болған еді. Оны кеңестік жүйе тұншықтырып бақты. Бірақ мүлде жоғалта алмады. Тәуелсіздік келіп бәрі жарыққа шықты. Соның бір дәлеліндей, қарашаның алғашқы күні Еуразия ұлттық университетінде Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, көрнекті ғалым Намазалы Омашұлының ұйытқы болуымен жарық көрген 10 томдық «Алаш көсемсөзі» атты құндылықтың тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ ұлты үшін құндылығы мол осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Дәуір айнасы ұлтқа олжа болып оралды» деген тақырыппен басылды.

***

«Үкімет Парламенттегі қалаулылардың келесі жылғы жүктемесін азайтуға шешім қабылдады. Бұл туралы Министрлер Кабинетінің кешегі жиынында белгілі болды. 2012 жылы қазіргі төртінші шақырылымдағы депутаттық корпус тарап кем дегенде екі партиялы жаңа парламент сайланады деп күтіліп отырғаны мәлім», - деп жазады «Айқын» газеті «Жаңа Парламенттің жұмысы жеңіл болмайды» деген тақырыптағы мақаласында. Сонымен қатар басылымның атап өтуінше, тағы бір мәлім болғаны, жаңа жылдың бірінші тоқсанында депутаттардың қоржынына бірде-бір жаңа заң жоба түспейді делінуде. Ал екінші тоқсанда Мәжіліске бар болғаны 7 құжат қана енгізілетіндігі жарияланды.

«Айқын» газетінің жазуынша, кәсіпкерлерді жөнсіз тексеру туралы мораторий күшін жойғалы салық инспкторлары тексеруге белсене кірісті. Бір қызығы, олар ірі кәсіпорындардан гөрі, отбасылық бизнес ашып, нан-пұлын айырып отырғандарды тексеруге әуес екен. Себеп белгілі, ірі кәсіпкерлердің іреп түсер заңгерлері бар. ал жеке кәсіпкерде не заңгер, не бухгалтер жоқ. Бұл бір жағынан олардың салық органдарының жемсауына оңай ілігіп кетуіне әсер етуде. Жоғарыда көтерілген мәселелер арқау болған мақала басылымның сәрсенбілік санында «Кәсіпкерге қысым жасаған шенеуніктер жұртқа жария етіледі» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлымен арадағы сұхбат «Әр қазақ баласынан ана тілінде тәрбие мен білім бермейінше, тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақ баласынана ертеңге қалдырмай, бүгіннен, келесі оқу жылынан бастап жоспарлы, мақсатты түрде қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне баруына жағдай жасап, соны түбегейлі жүзеге асырсақ екен. Осы мәселені жуырда шешпейтін болсақ, онда тіл саясатындағы шешімін таппаған мәселелер ендігі 20 жылда да, 40 жылда да қайталана береді», - дейді.

«Атыраулықтарды аптаның алғашқы күнінде абыржытып, қаланың қақ ортасында өз-өзін жарып жіберген жанкештінің кім екені анықталды. Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатұлы - 1987 жылы туған, Атырау қаласының тұрғыны», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның жазуынша, облыстық прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, оның мүрдесі туыстарының тарапынан танылып, саусақ іздері арқылы анықталған. Ал тұрған үйін тінту кезінде қолдан жасалған жарылғыш зат пен оны жасау жөніндегі нұқсаулық табылған. Толығымен «Өз-өзін жарған лаңкестің кім екені анықталды» деген мақаладан біле аласыздар.

***

«Қырғызстанда өткен президенттік сайлаудың алдын ала нәтижелеріне байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылым таратқан мәлімде мәтінінде: «Қазақстан Республикасы Қырғызстан Республикасында байыпты және ашық күйде өткен сайлауда қырғыз азаматтарының еркiн ерiк бiлдiруiмен қамтамасыз етілген президенттік сайлаудың қорытындылары бойынша дауыс берудiң алдын ала нәтижелерiмен құттықтайды. Бiз бауырлас елдiң таңдауын құрметтеп, Қырғызстандағы саяси тұрақтылықты нығайту, экономикалық және демократиялық дамуды одан әрі күшейтудегі бағытты қолдайтын боламыз. Қырғыз Республикасында өткен президенттік сайлау мемлекеттің одан әрі дамуы үшiн бейбітшілік және келiсiм сақтауға мүмкiндiк туғызатына Қазақстан өз сенiмiн бiлдiредi», - делінген.