Палата сарапшысы Нұржан Букиннің айтуынша, бүгінде су мен электрэнергия саласындағы монополистер ескі ережелерді пайдаланып, есептегіш құралдарына пломба салмағаны және сол пломбаны алып тастағаны үшін тым ауыр айыппұлдар салады. «Мәселен, «Астана су арнасы» мекемесі «Марден» бизнес орталығына қызмет көрсетіп жүрген компанияға суды 37 күн пломбасыз пайдаланғаны үшін 28,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Сонда пломбаны кімнің бұзғаны белгісіз. Астана су арнасы оны да дұрыс рәсімдемепті. Компанияның өзі үшін пломбаны бұзған тиімсіз. Себебі олар ай сайын 200 мың теңгедей ақы төлеп тұрды. Ал осы жолғы айыппұл 12 жылдың төлемақысымен бірдей. Осылайша, монополистің қазіргі айыппұлдары шығынның нақты сомасынан он есе, тіпті жүз есе артық болып жатады», - дейді Букин.
Осыған байланысты кәсіпкерлер тиісті ережелерге өзгеріс енгізіп, айыппұлдың мөлшерін құбырдың өткізу көлеміне қарай емес, суды нақты тұтыну көлеміне қарай есептеуді ұсынып отыр. Әйтпесе, бүгінде пломба бұзылса, кәсіпкерлер суды үнемі ағызып қойғандай айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
«Мен суға ай сайын 160-200 мың теңге төлеймін. Енді, 28 миллион теңге айыппұл жазып беріп отыр. Біз барлық крандарды ашып, суды ағызып қойсақ та, ондай ақша шықпайды. Сосын пломбаны бұзған кімге тиімді? Мысалы, маған тиімсіз. Мен үшін айына 200 мың теңге төлеп отырған дұрыс емес пе? Біз ай сайын банкке 17 миллион теңге төлейміз. Ал оның үстіне 28 миллион теңге айыппұл салған оңай дейсіз бе?», - дейді «Марден» бизнес орталығына қызмет көрсетуші компанияның директоры Жұлдыз Кәкенов.
Палата мүшесі Қанат Елеусіновтың айтуынша, пломбаны сантеxниктердің өздері бұзып, артынан кәсіпкерлерді бопсалайды. «Иә, ондай жағдайлар да бар. Сантеxникпен бірге жүрмесең, ол өзі барып, пломбаны бұзып тастайды да, артынан ақша бопсалайды. Сондықтан пломбалар тұрған жерде бейнебақылау жүйесі орнатылуы қажет», - дейді Елеусінов.
Дегенмен, қазіргі ережелерді өзгертпесе, монополистер кәсіпкерлерге шамадан тыс айыппұлдарды салып, қинай береді. Өйткені соттар да ол ережелерді негізге ала отырып шығарады.
Айта кетейік, Астана су арнасының өкілдері бүгінгі отырысқа келген жоқ.