Кәсіпкерлер ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлауда - Қаржы полициясы

None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бюджет қаражатын ұрлап, талан-таражға салу бойынша орын алған қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 8 млрд. 898 млн. теңге шығын келді.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметі бойынша өткен 7 айдың ішінде қаржы полициясы өзге біреудің мүлкін ұрлау және талан-таражға салу фактілері бойынша 2 584 қылмыстық іс қозғады. Оның 517-сі - бюджет қаражатын ұрлау фактілері. Осы санаттағы қылмыстық істер бойынша мемлекетке келген шығынның сомасы 8 млрд. 898 млн. теңгені құрады. «Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу қызметі көрсеткендей, мемлекеттік қаражаттың ірі сомаларын кәсіпкерлер ұрлайды. Мәселен, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде бюджет қаражатын ұрлау бойынша 140 қылмыстық іс қозғалды. Кәсіпкерлердің заңсыз әрекеті нәтижесінде бюджетке 6 млрд. 456 млн.теңге көлеміндегі шығын жасалды», - дейді М.Жұманбай.