Кәсіпкерлер КО аясында елге әкелген тауарларға салықты 50 күннің ішінде төлеуі тиіс - Ә.Жұмаділдаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлер Кеден одағы аясында елге әкелген тауарларына төленетін салықты 50 күннің ішінде төлеп, есеп-қисабын өткізуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті.

«Тауар елге кіргеннен кейін сол уақыттан бастап келесі айдың 20-сына дейін өзінің жанама және қосымша салықтарды төлеу үшін есеп-қисабын тапсыруы керек. Егер кәсіпкер тауарын айдың 1-ші күні кіргізсе, келесі айдың 20-сына дейін 50 күн уақыты болады. Бұл Кеден одағының ең оңтайлы тұсы деуге толық негіз бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұған дейін кәсіпкерлерге елге тауарын кіргізу үшін жоғарыда аталған салықтардың барлығын алдын ала төлеуі қажет еді.

«Ал ендігі уақытта олар салықтарын төлеместен әкелген тауарларын бірден нарыққа шығаруыларына жол ашылып отыр»,- деді Ә.Жұмаділдаев.