«Бүгін «Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары таныстырылды. Көріп отырғанымыздай, оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлінген. Мен кәсіпкер ретінде де, қарапайым азамат ретінде де толықтай қолдаймын. Атап айтқанда, партия «Атамекен» ҰКП-мен қазақстанстандықтар үшін пайдалы бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырғалы отыр. Бұл - мектеп асханаларын жаңғырту және мектептегі тағамдану сапасын арттыру. Барлығымыз да балаларымыздың дені сау және табысты өсіп, жетілуін қалаймыз. Сондықтан бизнес бұл жобаға белсене кірісуге дайын», - деді ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасына мектеп асханасында жұмыс істейтін кәсіпкерлер келіп, өз шағымдарын жиі айтады.
«Біз олармен толыққанды жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ, қазіргі заңнамаларға сәйкес мектеп басшылығы жыл сайын тендер өткізеді. Сондықтан кәсіпкер тендерге қатысу үшін үш ай уақытын шығындайды да, одан кейін алты ай ғана жұмыс жасайды. Осыған байланысты кәсіпкер келер жылы тағы да тендер ұтып алуына сенімсіз болғандықтан қаражат салудан тартынады. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге ұзақмерзімді шарттар ұйымдастыру, ұзақмерзімге шартпен жұмыс жасау мүмкіндігін беру мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді Ғалымбек Жақсылықов.