Басқарма төрағасының айтуынша, көршілес Қытай мен Ресейде және Еуропада электронды коммерция саласы қарқынды дамып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан өте тиімді аумақта орналасқан.
«Қазір электронды коммерция нарығы үшін сәлемдемені жеткізу мерзімі өте маңызды болып отыр. Яғни, бұрындары клиент тапсырысты 30-40 күн күте алатын болса, қазір ешкім күтпейді. Біздің қытайлық серіктестеріміз жеткізу мерзімін 10 күнге дейін, тіпті 5 күнге дейін қысқарту қажеттігін айтып жүр. Осы орайда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жол қытайлық серіктестер үшін де, еуропалық серіктестер үшін де тиімді болмақ», - деді Сәкен Сәрсенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сәрсенов атап өткендей, қыруар табыс табуға мүмкіндік беретін электронды коммерция саласын жаңа мұнай түрі деп те атауға болады.
«Жыл сайын Қытайдан Еуропаға 250 миллион сәлемдеме жіберіледі. Сәйкесінше, Еуропадан Қытайға - 800 миллион сәлемдеме. Бұл өте үлкен көрсеткіш және қыруар қаражат. Бұл нарықтың көлемі миллиардтаған долларды құрайды және оны жаңа мұнай түрі деп атауға болады. Қазақстан бұл бағытта табыс табуға шындап кірісуі қажет», - дейді Қазпошта басшысы.
Қазіргі уақытта бондық қоймалар құру жоспарлануда. Яғни, Еуропа мен Қытай арасындағы тауарлар Қазақстанда сақталады және тапсырыс берілген тауарлар Еуропа мен Қытайға Қазақстаннан жөнелтіледі.
«Бұл арқылы жеткізу мерзімі мен шығындарды қысқартып, тауар құнын азайтуға болады», - деп өз сөзін түйіндеді С. Сәрсенов.