Кәсіпкерлердің проблемалы несиелерін қандай компаниялар сенімгерлік жолмен басқара алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов кәсіпкерлердің проблемалы инвестициялық несиелерін сенімгерлік басқаруға алатын компанияларға қандай талап қойылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сервистік компаниялардың функциялары тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беріледі. Сонымен қатар заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленеді. Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның пайымынша, аталған компаниялардың қызметі қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ол ұйымдардың жұмысын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттеп отырады.