Кәсіпкерлерге арналған "Заңдық кеңес" деп аталатын жаңа кітаптың таныстырылымы болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазіргі таңда шағын және орта бизнес өкілдері құқықтық сауатының төмендігінен жиі зардап шегуде. Осығын орай Адвокатар форумы оларға заңдық тұрғыдан кеңес беру үшін ғаламтор арқылы он-лайн конференция ұйымдастырған болатын. Онда кәсіпкерлерден түскен сауалдардың 70 пайызы қарызды өтеу, жалған кәсіпкерліктен сақтану жолдары мен салық органдарының жұмысы туралы болды. Бұл желтоқсанның 10-ы күні өткен семинарда да жан-жақты талқыланды. Бүгін кәсіпкерлер тарапынан түскен 700-ге жуық сауал мен оған берілген жауаптар топтастырылып жеке кітап болып жарық көріп отыр. Сауалдар көп болғандықтан мұндай кітаптар алдағы уақытта да шығарылатын болады", дейді ҚР Тәуелсіз кәсіпкер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов. Адвокаттар форумының төрағасы, "БЭСТ" адвокаттық кеңсесінің директоры Тайыр Назхановтың бұл еңбегіне кәсіпкерлер ғана емес заңгерлер де үлкен қызығушылық білдіруде. Онда сауалдар тақырыбына қарай - "Авторлық құқық", "Азаматтық, азаматтық-процессуалдық құқықтық қатынас", "Орындау өндірісі", "Қылмыстық құқық", "Адвокаттық қызмет", "Әкімшілік құқықтық қатынас", "Отбасылық құқықтық қатынас", "Тұрғын үй, жер құқықтық қатынастары", "Зейнетақы", "Әскери іс", "Еңбек қатынастары", "Алименттік міндеттемелер", "Азаматтық", "Мұрагерлік" "Құқықтық кеңес" деген бөлімдерге жіктеліп отыр. Тимур Назхановтың айтуынша, дағдарыс кезінде шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер өз қызметінің көлемін 30-50 пайызға дейін азайтты. Бұл кәсіпкерлер арасында қарызды, міндеттемелерді өтеуде бірқатар мәселелер тудыруда. Сондықтан кәсіпкерлерге ғана емес өзге де кез келген азаматтарға арналған арнайы кеңес беру орталықтарын ашу қажет. Олардың қызметі тегін немесе төлем ақысы кез-келген адам үшін қол жетімді деңгейде болу керек. Сонда бизнесті дамытудағы кездесіп отырған мәселелер азайып, оны өркендетуге серпін беретін жаңа мүмкіндіктер қалыптаса бастайтыны күмәнсіз.