Кәсіпкерлерге индустриалды сертификаттар не үшін беріледі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық өнім өндірушілер үшін индустриалды сертификаттарды қалай және не үшін алу керектігі түсіндірілді, деп хабарлайды ҚаАқпарат тілшісі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, бүгінде индустриялық сертификаттар рәсімдеуге 6 кәсіпорын өтінім берді. Негізінен ол жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары.

Индустриалды сертификатты қалай алуға болады және бұл құжат қандай артықшылықтар беретін жайлы Кәсіпкерлер палатасында айтып берді.

«1 шілдеден бастап индустриялды сертификат мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін міндетті болады. ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне тиісті өзгерістерді енгізді. Ең алдымен бұл жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына қатысты. Өзгерістерге сәйкес, «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын сатып алуға тек білікті жеткізушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер ғана қатыса алады. А ол тізімге тек индустриалды сертификат арқылы ғана ілігуге болады. 1 шілде жақындап қалды, сондықтан асығуға тура келеді. Біз қазір кәсіпкерлермен кездесіп, барлығын түсіндірудеміз. Және қажетті көмектің барлығын көрсетеміз, - деп түсіндірді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов.

Индустриялды сертификаттарды ҚР «Атамекен» ҰКП береді. Өтінім және барлық қажетті құжаттар электрондық түрде тапсырылуы тиіс.

Бірінші қадам - сайтта ЭЦҚ көмегімен doc24.kz сайтына тіркелу қажет. Бұдан әрі жеке кабинетке өтініш пен электрондық құжаттар пакетін жіберу керек.

Өтінім өңірлік кәсіпкерлер палатасына өңдеуге түседі.

Тағы бір қойылатын міндеті талап - салалық сарапшымен келісімшартқа отыру, ол қорытынды беру үшін келіп, талдау өткізуі тиіс.

Сарапшы қорытындысынан кейін кәсіпорынға өндірісті және құжаттаманы тексеру үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері келеді. Комиссия негізінен салық есептілігін және қауіпсіздік техникасының сақталуын тексереді.

Индустриялды сертификат электронды түрде тегін беріледі. Осыдан кейін кәсіпорын автоматты түрде отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілердің тізіліміне енгізіледі.

Мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсаттан басқа Индустриялды сертификат кәсіпкерлерге басқа да артықшылықтар береді. Ол: «Самұрық-Қазына» холдингінің тауар өндірушілер тізіліміне енгізу; «Самұрық-Қазына» қорының алдын ала біліктілік іріктеуінде жинаған балдарға 20% қосу; отандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сыртқы нарықта жылжыту бойынша шығындарды өтеу.