Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының айтуынша, еліміздегі бизнес-мектептердің жұмысы айтарлықтай оң нәтиже көрсетіп отыр. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы бизнес-мектептер арқылы 22 мыңға жуық қатысушыға қызмет көрсетілді. Оның 2700-і өздерінің кәсібін ашып, тағы 2 мыңға жуық қатысушы бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алған.
«Ұлттық экономика министрлігіне бизнестің қай саласы сұранысты талап етіп тұрғанын айтып келеміз. Өз тарапынан министрлік жыл сайын түзетулер енгізеді. Әсіресе, есепшілік қызмет, салық және заңгерлік қызметтері тұрғысынан ұсыныстар көп жолданады», - дейді ол.
Абылай Мырзахметов өткен жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы, ал қазір ІТ саласында біршама ұсыныстар беріліп жатқанын тілге тиек етті.
«Цифрландыру бағдарламасы аясында 1 сәуірге дейін КҚКО-ның жұмыс форматын өзгерту бойынша ұсыныс енгізгелі жатырмыз. Барынша онлайн-байланыс орнату бағытын жолға қою маңызды деп білеміз. Өткен жылы бұл тәжірибе сынақтан өткізілген. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстың барлығын аяқтап, келесі жылы КҚКО-ды цифрлық форматқа көшіреміз деген ойдамын», - дейді ол.