Кәсіпкерлік кодекс өзгертіліп, реттеушілік апелляция институты енгізіледі – Руслан Дәленов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы ел халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту; салық-бюджет саясатын жетілдіру; инвестицияларды ынталандыру; теңгерімделген өңірлік даму; мемлекеттік басқару сынды 5 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында шағын және орта бизнестің қазіргі кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүзеге асырылады әрі түпкілікті жылдық мөлшерлемелері 6 пайызға дейін жеткізіледі. Субсидиялау төтенше жағдай жарияланған кезден бастап 12 ай мерзімді қамтиды.

«Бұл шара «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында іске асырылады. Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданады. Оған тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру, тиісті комиссия құру арқылы барлық реттеушілік талаптарды қайта қарау және оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді», - деді Руслан Дәленов.

Министр Кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізу арқылы реттеушілік апелляция институтын енгізу бойынша шаралар қабылданатындығын да айтты.

«Сондай-ақ қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасады. Тұтастай алғанда бұл 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға дейін әрі шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді», - деді ол.