Кәсіпкерлікке заңсыз араласатын мемқызметшілердің жауапкершілігі күшейтіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлік ісіне заңсыз араласатын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейтіледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заңдарымыз дұрыс. Оны бүкіл халықаралық ұйымдар мойындайды. Бірақ, өз өкілеттіктерін асыра пайдалануға тырысатын шенеуніктер әлі де болса жетіп артылады. Осыған байланысты агенттік қызметінің негізгі басымдығы бизнесті қолдау және қорғау болды және болып та қала береді. Біз бизнеске заңсыз араласып, қысым көрсететін алақол мемлекеттік қызметшілерді анықтаймыз. Өткен жылы мұндай 352 фактінің жолы кесілді. Бұл 2016 жылдың көрсеткішінен үштен бірге көп», - деді агенттік басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі екінші республикалық кәсіпкерлер форумы барысында.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар 270-тен астам кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берген.

«Орын алған жағдайды ескере отырып біз кәсіпкерлік қызметіне лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуына қарсы іс-қимылдың құқық қолдану аспектілеріне жүйелі сараптама жасауды және олардың жауапкершілігін күшейтуді жоспарлап отырмыз», - деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар Алик Шпекбаев 2017 жылы агенттік пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында атқарылған жұмыс көп бағытты қамтыған бетбұрыстарға толы болғанын баса айтты.

«Біз үлкен нәтижелерге қол жеткіздік, бизнестің бойын көтеріп, ары қарай дамуына күш-жігер беретін ортаны қалыптастыруды бастадық. Бұл дегеніміз біз үшін үлкен жетістік. Осы ретте одан арғы оң өзгерістерге кедергі келтіретін мәселелердің бар екендігін де жасырмаймыз. Оларды азайтып, тіпті жою үшін ағымдағы жылы бар күшімізді саламыз. Мақсатымызға жететінімізге сеніміміз зор, бұған біздің барлық мүмкіндіктеріміз бар. Ең бастысы Елбасымыз, халқымыздың және бизнес-қауымдастықтың колдауы бар деп сенемін», - деп түйіндеді сөзін Алик Шпекбаев.