Кәсіпкерлікке жанашырлық танытпайынша, істің алға басуы екіталай - Мәжіліс депутаты Алмас Тортаев

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспанадиев/ - «Мемлекет кәсіпкерлік саласын дамытуға барынша күш салып отыр.

Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер аз емес. Дегенмен кәсіпкерлік саласын қолдауда шешімін күткен мәселелер де жеткілікті»,-дейді Мәжіліс депутаты Алмас Тортаев. Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен «Бизнесті қорғау - мемлекеттің даму жолы» атты дөңгелек үстел отырысында айтты.

Оның пікірінше, кәсіпкерлікті қолдау саласында, әсіресе, қадағалаушы, бақылаушы, сондай-ақ салық органдарының түсіністігі аса қажет.

Бұлар бизнеспен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін органдар. «Сондықтан аталмыш органдарға өз ісінде кемшілік жіберген кәсіпкерді немесе бизнес өкілін бас салып жауапқа тартып, айыппұл сала бергенше, істің мән-жайын түсіндіріп, кәсіпкердің қандай кемшілік жібергендігін және оның соңы неге апарып соқтыратынын түсіндіріп отырса, бұл кәсіпкер азаматтар үшін үлкен қолдау болар еді. Кәсіпкерлер осы арқылы өз кемшілігін түзеуге, болашақта зардабын тартатын әрекеттерге жол бермеуге тырысатын еді»,-дейді халық қалаулысы.

Оның сөзінше, кәсіпкерлікке осындай жолдармен жанашырлық танытпаса, осындай тәсілдерді қолдана отырып, кәсіпкерліктің дамуына үлес қоспаса, істің әрі қарай жылжуы қиын. «Ал бизнесті дамыту ісін бізге Мемлекет басшысының өзі жүктеп отыр. Сондықтан бізге кәсіпкерлік саласына деген көзқарасты өзгерту керек»,-деді А.Тортаев.