Кәсіпқой бокс: Иван Дычконың кездесуі Қазақстанда өтуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иван Дычконың менеджері Зия Алиев Қазақстанда кәсіпқой бокс кеші өтуі мүмкін екендігін хабарлады, деп жазады Sports.kz.

«Біз Қазақстанда бокс кешін өткізгіміз келеді, ондай жоспарымыз бар. Әрине, оны жақын уақытта жасамаймыз, бірақ болашақта ондай шара ұйымдастыруға болады. Біз Иванның өз жерінде басқа бір боксшының кездесуінің андеркартында өнер көрсеткенін қаламаймыз. Сондықтан ол кештің бас кездесуі Иван Дычконың жекпе-жегі болуы тиіс. Әзірше қай жекпе-жегін өткізетінімізді айта алмаймын», - дейді З. Алиев.

Еске сала кетейік, Дычко кәсіпқой бокста екі кездесуін өткізіп үлгерді. Екеуінде де ол жеңіске уақытынан бұрын жетті.