Кәсіпқой бокс: Қазақстан чемпионы атағы үшін бірнеше салмақта жекпе-жектер өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 17-сінде кәсіпқой бокстан халықаралық матч өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Zhersu» корпорациясы мен Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отырған бұл кәсіпқой бокс матчының басты жекпе-жегі аса аса ауыр салмақтағы алматылық Қанат Алтаев пен шымкенттік Талғат Досановтың арасында өтпек. Олар ел тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атағын өзара сарапқа салады. Қазір ауыр салмақтарда ТМД елдерінің былғары қолғап шеберлері көш бастап келе жатыр. Сондықтан біздің боксшылар да Әлем чемпиондығына таласуды Қазақстан чемпиондығынан бастауы керек», - дейді «Zhersu» инвестициялық-өндірістік корпорациясының президенті Рүстем Темірғалиев. ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Болат Манкеновтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін тағы бірнеше салмақта Қазақстан чемпиондығы атағы сарапқа салынбақ. Сәуірдің 17-сінде өтетін бұл халықаралық матчта 8 жұп өнер көрсетеді. Олардың үшеуі - Ресей, үшеуі - Тайланд, біреуі Эстония боксшысы. Онда 55,3 киләда Тұрсынбек Сыдықов пен Равиль Мухамедияров (Ресей) 4 раундтық, ал 61 киләда Берік Қалиев пен Александр Салтыков (Ресей), 66,6 киләда Әсет Айсин мен Леонтий Врончук (Эстония), 55,3 киләда Ерсін Жайлауов пен Наронной Ор Муанланг (Тайланд), 57,2 киләда Міржан Жақсылықов пен Ёдмонкол Синманасак (Тайланд) 6 раундтық кездесу өткізеді. Сондай-ақ 53,5 киләда Жанат Жақиянов пен Александр Федоров (Ресей), ал 66,6 киләда Владислав Савченко пен Сомчай Накбали (Тайланд) 8 раундтық жекпе-жекке шығады.