НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында кәсіпқой бокстан орта салмақта сынға түсетін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) бұл жолы франциялық Хассан Ндам Нжикаммен (38-5, 21 КО) қолғап түйістіреді.
Екі спортшы бір-бірімен алғаш рет шеберлік байқасады.
Айта кетсек, Жәнібек Әлімханұлы мен Хассан Ндам Нжикам жекпе-жегі елорда уақытымен 08:00-де басталады.
Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем және Азия чемпионы атанды.
Ал 2014 жылы Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді.
Кәсіпқой бокста 2016 жылдан бері сынға түсіп келеді.
Он жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетті. Оның алтауы нокаутпен аяқталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.