Кәсіпқой боксқа келген әнші Ибрагим Ескендір кезекті айқасын өткізеді

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтетін бокс кеші қарсаңында қазақстандық спортшылар салмақ өлшеу рәсімінен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, алматылық Еділ Қожамбердиев Камерун өкілі Кристиан Салманкпен айқасады. Боксшылар бірінші ауыр салмақ лимитінің (90,7 келі) шегінен асқан жоқ.

Болашағынан үміт күттіретін маңғыстаулық Уәлихан «Адай» Бисенқұлов (4-0, 4 КО) 27 жастағы француздық Меконго Родригеспен кездеседі. Қос спортшының да салмағы бірінші ауыр санатқа (90,7 келі) сай болды.

Белгілі әнші Ибрагим Ескендір (2-0, 2 КО) мен оның қарсыласы - ресейлік Дмитрий Антипов таразыда екінші орта салмақ санатына қажетті - 76,2 келіні көрсетті.

Үш боксшының барлығы Жалғас Түкешов басқаратын Tukeshov Boxing Promotions компаниясының атынан шығуда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, отандастарымыз 17 маусымда «Локомотив» бокс академиясында (Мәскеу, Ресей) шаршы алаңға шығады.