Кезекті айқас сәуір айына белгіленді. Бірақ оның нақты күні мен Жүкембаевтің қарсыласының есімі әзірге құпияда. Бұл туралы боксшының «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.
«Командамызбен ақылдаса келе 11 наурызда Лемье-Стивенс андеркартында жекпе-жек өткізбейтін болдық. Алла қаласа сәуір айында шаршы алаңға оралып, жанкүйерлеріме өте тартысты жекпе-жек сыйлау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жолғы кездесуім ерекше болмақ. ТОП-50 боксшының бірі қарсыласым атанып қалуы мүмкін. Әзірге келіссөздер жүріп жатыр. Жақын күндері жекпе-жек уақыты мен қарсыласымның есімі белгілі болады», - дейді Батыр Жүкембаев.
Бұған дейін менеджер Анна Рева хабарлағандай, Батыр Жүкембаев немесе Абылайхан Хусаинов 11наурыз күні АҚШ-та өтетін Давид Лемье мен Кертис Стивенс жекпе-жегінің андеркартында шығуы керек болатын.
Айта кетейік, Батыр Жүкембаев соңғы кездесуін 29 қаңтарда өткізіп, мексикалық қарсыласы Давид Ранхельді бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберген болатын.