Кәсіпқой бокстан Талғат Досанов Қазақстанның аса ауыр салмақтағы тұңғыш чемпионы атанды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 18-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кәсіпқой бокстан кеше Алматыда халықаралық турнир өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сегіз рейтингтік және бір титулдық жекпе-жектен тұратын бұл жарыста Қазақстандағы кәсіпқой бокс спорты тарихында алғаш рет ел чемпионы атағы сарапқа салынған болатын. Ол еліміздің аса ауыр салмақтағы ең үздік былғары қолғап шеберлері алматылық Қанат Алтаев пен шымкенттік Талғат Досановтың арасында өтті. Аса тартысты басталған бұл сайыста «Ұлан боксинг» промоутерлік компаниясының атынан сынға түскен Т. Досанов 3-ші раундта қарсыласын нокаутпен жеңді. Жарыс қарсаңындағы салмақ өлшеу рәсімі кезінде Қанат 125,5 килә, ал Талғат 99,8 килә тартқан болатын. «Абылай хан» кәсіпқой бокс клубы атынан қатысқан Қ. Алтаевты бокс мамандардың көбі бұл сында жеңіске жетеді деп топшылаған еді. Кәсіпқой бокста 5 жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіп, екеуін тең аяқтаған Қанат биыл жыл басында өз шеберлігін АҚШ-та шыңдап келген. Ал кәсіпқой боксқа 2001 жылы ауысқан Талғат 24 жекпе-жек өткізіп, оның 12-сінде жеңіп (бесеуі нокаутпен), 11-інде жеңіліп, біреуінде тең түскен. «Бұл жекпе-жек 10 раундқа созылады деп ойлағам. Нокаутпен аяқтау туралы алдыма ешқандай мақсат қойған жоқпын. Қанат, шынын айтқанда жақсы боксшы. Болашағы зор. Оған тек әлі көп жұмыс істеу керек сияқты. Қарымта кездесу өткізем десе, кез-келген уақытта дайынмын», дейді Т. Досанов.