Кәсіподақтар қазақстандықтарды мамандықтарын ауыстыруға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Федерация кәсіпорындарды цифрландыру мен автоматтандыру нәтижесінде азаматтардың жұмыссыз қалмау жолдарын қарастыруға ниетті.

«Президенттің Жолдауы - біздің алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап. (...) Өнеркәсіптік революция - әрі мүмкіндік, әрі тәуекел. Жаңа технологиялық тәртіптің жұмыс орындарын оңтайландыратыны анық.  Осыны дер кезінде ұғынып, жұмысшыларға өзгерістердің неліктен орын алғанын, жаңа мамандықтарды игеруге қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіруіміз керек. Қазақстандықтардың өз әлеуетін бағамдап, жаңа өзгерістерге дайын болуына көмектесуіміз керек», - деді журналистерге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым.

Оның пікірінше, нақты табыс әкелмейтін мамандықтар қауіп алдында тұр. Сондай-ақ, біліктілігі төмен еңбек мамандықтары, механикалық қайталану процесі бар мамандық түрлері күннен-күнге азайып келеді.

«Мәселен, 5-6 жыл бұрын Астанада халықаралық қоңырау шалу пункті болатын, қазір ол жабылды. Дәл осылай көптеген мамандықтар жоғала береді. Тіпті заңгерлердің өзі бағдарламалау форматына ауысып жатыр. Құқық саласында туындайтын мәселелердің 90 пайызын стандарттауға болады. Адам адвокатқа немесе заңгерге барып, әуре болмайды, оның орнына арнайы бағдарлама жауап береді. Сбербанк 3 мың заңгердің қызметінен бас тартты, яғни бір бағдарлама 3 мың адамның жұмысын атқарады», - дейді Б. Әбдірайым.

Айта кетейік, 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы жарияланды.