Кәсіпорындар мен серіктестіктердің жарғылық қорларының шегін нормативті құжаттарда көрсету қажет - Жоғарғы сот төрағасы М.Әлімбеков

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 1990 жылдары сотта талқыланатын мәселелер негізінен қылмыстық істер мен кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына байланысты болса,

қазір олар көбіне жылжымайтын мүлікке иелік етуге, түрлі келісімдер мен шарттардың және мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымданумен байланысты болып отыр. Басқаша айтқанда соттағы даулардың нысандары түбегейлі өзгерді. Өз кезегінде ол ұлттық заңнамалар мен құқық қорғау жүйесін толықтай жетілдіре түсуді қажет етіп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, аталмыш мәселелер елдің 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында жақсы көрініс тапқан. Оның аясында мемлекет құқықтық қатынастарды жан-жақты әрі нақты реттейтіндей мүмкіндікке қол жеткізуі қажет. «Бүгінде сот жүйесінде орын алып отырған кемшіліктер мен проблемалар еліміздің заңдары тарапынан дұрыс реттелмеуіне байланысты болып отыр», деді Жоғарғы сот төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, соттарда жеке меншікті қорғау мен корпоративті дауларға, рейдерлікке және жалған кәсіпкерлікке қатысты істер шын мәнінде көбеюде. «Сот тәжірибесін негізге алатын болсақ, бүгінде елдегі шаруашалық субъектілерін құруға қатысты қойылатын шарттар жеңіл. Нәтижесінде ел азаматтары алдымен құны миллиондарға ұласатын келісімшарттар жасап алып, артынан тек  виртуалды түрде ғана жұмыс істейтін субъектілер бойынша сотқа шағымдануға мәжбүр. «Сондықтан қандай да бір кәсіпорын немесе серіктестік құруға қажетті жарғылық қордың деңгейі нормативті-құқықтық актілерде көрсетілгені абзал. Бұл шара өз кезегінде келісім жасаушы тараптардың бір-бірінің мүмкіндіктері жөнінде жақсы білулеріне мүмкіндік береді. Сонда олар тарапынан сотқа жолданатын істер саны айтарлықтай азаяды», деді М.Әлімбеков.