Кәсіпорындар ТжКБ жүйесінің студенттеріне арнап 132 мыңдай жұмыс орнын бөліп отыр

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Техникалық-кәсіптік білімді басқарудың жаңа жүйесін енгізу жобасының аясында еліміздің кәсіпорындары тәжірибеден өтетін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің студенттеріне арнап 132 мыңға жуық жұмыс орнын ұсынып отыр,

деп хабарлады pm.kz сайты ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кәсіптік-техникалық білімді басқарудың енгізілген жаңа жүйесінің аясында және салалық және өңірлік кеңестер жүргізген жұмыстың арқасында кәсіпорындар мен оқу орындары өзара 17,5 мың келісімшартқа қол қойды және тәжірибе өтетін студенттерге 132 мың жұмыс орны бөлінді», - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кету керек, елімізде жұмыс берушілердің, сондай-ақ Ұлттық кеңестің белсенді атсалысуымен 16 өңірлік және 14 салалық кеңес құрылды.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, жұмыс берушілер ТжКБ жүйесінің студенттеріне арнап 3 мыңнан астам шәкіртақы тағайындады, 1266 оқытушы өндірісте тағлымдамадан өтті.

Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын жасауға, оқу тәжірибесін ұйымдастыруға, түлектерді дайындау және оларға берілген біліктіліктің сапасын бағалауға белсенді атсалысуда.

Оған қоса, ТжКБ жүйесіне үздік әлемдік тәжірибелерді тарату үшін оқу орындарының 140 оқытушы мен басшылары Сингапурде біліктіліктерін жетілдіріп қайтты.