Кәсіпорындарда энергия үнемдеу бойынша жауапты адамдар болады – заң жобасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге бағытталған. Жалпы Заңның 9-бабына өзгеріс енгізіліп, 2 жаңа баппен толықтыру көзделген.

Негізгі бағыттар, ол Мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат.

«Біріншіден, ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады, олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ. Сонымен қатар, энергетикалық тізілім аясында жеке сектор үшін ақпарат тізбесін оңтайландыру ұсынылады. Бұл ретте, мемлекеттік сектор үшін - бенчмаркинг жүргізу және ұсынымдар дайындау мақсатында автоматтандырылған жылу пунктімен жарақтандырылуы туралы, сондай-ақ басқа ақпаратпен толықтыру жолымен оны кеңейту ұсынылады», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов.

Екіншіден, энергия аудиторларына үміткерлерді аттестаттау бойынша функцияларды қызметкерлердің лайықтылығын растау жөніндегі органдарға беру ұсынылады (бүгінгі күнге аттестаттауды уәкілетті орган жүргізеді).

«Бұл шара сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде, жүргізілетін энергия аудиттерінің сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, заң жобасында энергия аудиттерін міндетті, мақсатты және жедел энергия аудиті етіп жіктеуді енгізу көзделеді», - деді вице-министр.