Кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі - вице-премьер

әуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстандағы кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен оnline-конференцияда вице-премьер-индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, еңбек өнімділігін арттыруда екі бағытқа айрықша назар аударылатын болады. Біріншісі -қолданыстағы кәсіпорындарды жаңарту. Екіншісі- өнімділігі жоғары жаңа кәсіпорындарды құру.

«Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасында, биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін арттыруда экономикалық саясаттың маңызды міндеттерінің бірі ретінде белгіледі. Еңбек өнімділігі әртүрлі секторлардағы, әртүрлі кәсіпорындардағы, әртүрлі өңірлердегі экономиканың тиімділігін көрсетеді. Сондықтан да министрліктер мен ведомстволардың мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын барлық бағдарламаларға, барлық құжаттарға еңбек өнімділігі мақсатты индикатор ретінде енгізілетін болады. Бұл бағытта қыруар жұмыс күтіп тұр», деді Вице-Премьер.

Оның сөзіне қарағанда, салыстырмалы түрде айтқанда бірқатар секторларда Қазақстан бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі жағынан әлемдік көшбасшылардан анағұрлым қалып қойған. Сондықтан, еңбек өнімділігін арттыру үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажет. Барлық кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттырулары тиіс. Дейтұрғанмен, вице-премьер Қазақстанда соңғы жылдары құрылған машина жасау зауыттарындағы бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігінің деңгейі дамыған елдердегіден кем түспейтінін атап көрсетті. «Оған Астанадағы локомотив құрастыратын зауытты мысал ретінде келтіруге болады», деді ол.