Кәсіпорындардың кадрларды қайта даярлау үшін жұмсаған шығындарын субсидиялау орынды - А. Рау
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық - Қазақстанды индустриялдық дамытудың кадрлық резерві» тақырыбында өткен «Нұр Отан» ХДП фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осылай мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы жылы индустрияландыру картасы шеңберінде 192 жоба іске қосылады. Бұнда 20 мыңнан астам уақытша және дәл осыған жуық тұрақты жұмыс орындары құрылады. Ал жалпы алғанда картаға енгізілген немесе енгізуі көзделген жобаларды қоса есептегенде, барлығы 250 мың тұрақты және 180 мың уақытша жұмыс орны құрылады. «Жалпы алғанда индустрияландырудың негізгі көрсеткіші тек жалпы ішкі өнімді арттыру емес, еңбек өнімділігін арттыру болып табылады. Ал еңбек өнімділігін арттыру экономиканың бәсекеге қабілеттілігін де көтереді», - деді А. Рау. Оның айтуынша, бағдарлама шеңберіндегі мемлекеттік шығындардың сүбелі үлесі шетелде кадрлар даярлауға да жұмсалатын болады. «Бұл ретте әрине, мәселе білікті мамандар туралы болып отыр. Біздің ойымызша, бұлар жаңа жұмыс орындары үшін резерв болады. Сонымен қатар, біз кәсіпорындардың кадрларды қайта даярлау үшін жұмсаған шығындарын субсидиялауды да қолдаймыз. Бұл дұрыс, оның үстіне ондай қайта даярлауды өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмысшылардың есебінен атқарған орынды», - деді А. Рау.